АСТАНА, 3 қазан – Sputnik. Кезектен тыс президент сайлауына қатысатын тағы бір кандидаттың есімі белгілі болды. Ол Мейрам Қажыкен. Оны "Аманат" кәсіподақтар достастығы ұсынып отыр.
"Иә, сайлауға қатысатыным рас. Өткен аптада "Аманат" кәсіподақтар бірлестігі сондай шешім қабылдады. Ертең Орталық сайлау комиссиясына барып, тіркелемін", - деп растады ақпаратты Sputnik Қазақстан тілшісіне Мейрам Қажыкен.
Ол алдағы сайлауда жеңіске жететініне сенімді екенін айтты.
"Әрине, сенімдімін. Жолдан таймаймын, ешқандай келісімге бармаймын. Тек қана алға! Өйткені маған, ең алдымен, кәсіподақ мүшелері үміт артып отыр", - деді үміткер.
Мейрам Қажыкен туралы не білеміз
Мейрам Қажыкен 61 жаста, Павлодар облысының тумасы.
Экономикалық ғылымдар докторы, Қазіргі қоғам зерттеулері институтының директоры, Yntymaq партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың лидері.
2002-2003 жылдары Павлодар облысы экономика департаментінің бастығы, 2003-2004 жылдары ҚР Премьер-Министрінің кеңсесінде Үкімет басшысының кеңесшісі, өндіріс және инфрақұрылым саласы бөлімінің меңгерушісі, 2010-2011 жылдары Қазақстан индустрияны дамыту институтының директоры қызметтерін атқарды.