АСТАНА, 2 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысының тапсырмасымен парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған іс-шараларға қатысты.
"Ұлтына ғұмырын арнаған Ұлы тұлға" атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда Сенат Спикері ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
"Ахмет Байтұрсынұлы – тарихымызда айрықша орны бар бірегей тұлға. Алаш жұртының асыл перзенті халқымыздың тағдыры сынға түскен күрделі кезеңде ерекше қайраткерлік танытты. Шын мәнінде, Ахаңның өмір жолы – ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі. Арыстарымыздың есімін ардақтап, ұлағатты ісін жалғастыру – халқымыздың қастерлі парызы", – делінген мемлекет басшысының құттықтауында.
Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев ұлт ұстазы, аса көрнекті ғалым, ағартушы, тарихи тұлға Ахмет Байтұрсынұлының саяси және рухани мұрасына кеңінен тоқталып өтті.
Конференцияда белгілі зиялы қауым өкілдері, көрнекті қоғам қайраткерлері де сөз сөйледі. Олардың қатарында жазушы, ғалым Қойшығара Салғара, алаштанушы Әнес Ғарифолла, ахметтанушы Серікбай Оспанов және тағы басқа сарапшылар бар.
Іс-шара барысында Ахмет Байтұрсынұлы медалімен, "Тіл жанашыры" сыйлығымен және "Жангелді ауданының құрметті азаматы" атағымен марапаттау рәсімі өтті.
Мерейтой аясында Қостанай облысының Торғай ауылында Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына арналған ескерткіш ашылды. Ашылу салтанатында Сенат Спикері киелі Торғай өңірінен ұлт тарихындағы көптеген ұлы тұлғалар шыққанын, олардың қатарында Абылай ханның серігі болған шақшақ Жәнібектің, елінің ертеңі үшін атқа қонған Амангелді мен Кейкі батырлардың, халқын бірлікке, білімге, отаншылдыққа шақырған Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлының есімдері ерекше аталатынын айтты. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев қазақ үшін бұл өлкенің қасиеті бөлек екеніне және бұл әрдайым халқымыз жадына сақталатынына назар аударды.