АСТАНА, 2 қазан – Sputnik. Келер жылдан бастап, еліміздегі мұғалімдердің жалақысы 25 процентке өседі. Президент тапсырмасы бойынша бала-бақшалардағы барлық тәрбиешінің айлығы да жоғарылайды, деп деп мәлімдеді оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, мұғалімдер қауымына жасалып жатқан жағдайға тоқаталды.
"Бүгінгі күні еліміздегі білім беру жүйесінде 500 мыңға жуық маман еңбек етеді. Биыл 25 жылдан астам еңбек өтілі бар барлық ұстазға, арнайы марапат тағайындадық. 30 жылдан астам педагогикалық тәжірибесі бар мұғалімдерді санаттар мен ай сайынғы қосымша төлемдер алу үшін тапсыратын тесттен босату туралы шешім қабылдадық. Қыркүйектен бастап ел мектептерінің көбі бескүндік оқу аптасына ауысты. Мектеп мұғалімдеріне сенбіні қосымша демалыс күні ретінде беруді жөн көрдік. Біз бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз" – деді министр жазбасында.