Әлем

Индонезияда футбол матчынан кейін 127 адам көз жұмды – видео

Sputnik
АСТАНА, 2 қазан – Sputnik. Индонезияның Маланг қаласында қайғылы жағдай болды. Футбол матчынан кейін 127 адам қаза тапты, деп хабарлайды Suryamalang порталы.
2 қазанға қараған түні ел чемпионаты аясында "Арема" мен "Парсебайя" командалары кездескен. Сурабая қаласынан келген футболшылар 3:2 есебімен жеңіске жетті. Матчтың соңында жергілікті жанкүйерлер наразылық білдіріп, алаңға шығып кетті. Арты тәртіпсіздіктерге ұласты. Тәртіп сақшылары жас ағызатын газды қолдануға мәжбүр болды.
Трибунада отырған жанкүйерлер шығаберіске лап берді, адам кептелісі пайда болды. Сол кезде 127 адам қаза тапты. Олардың ішінде әйелдер мен балалар бар. Бұдан бөлек, 180 адам ауруханаға жеткізілді.
Ресми мәліметке сәйкес, стадионда 40 мың адам болған. Тәртіпсіздіктер кезінде жанкүйерлер сыртта тұрған көліктерді де бүлдіріп кетті. Ішінде ондаған полиция көлігі де бар.