АСТАНА, 2 қазан – Sputnik. IV Дүниежүзі көшпенділер ойындарында бүгін Қазақстан қоржыны қос алтынмен толықты, деп хабарлады мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
"Алғашқы алтын жүлдені 60 келі салмақ дәрежесінде қазақша күрестен Марат Нығматуллаев иеленсе, екінші тарихи жеңісті көкпаршылармыз әкеліп отыр. Олар Қырғызстан құрамасымен ақтық бәсекеде сынға түсіп, 4:3 есебімен ел намысын қорғады. Көкпар додасы көшпенділер ойындарының бағдарламасына тұңғыш еніп отырғанын ескерсек, көкпаршыларымыздың бұл жеңісі шын мәнінде ел болып қуанар ерекше тарихи оқиға", - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қырғыз шеңберіне Әділет Мамыт 2 салым, Құрманбек Тұрғанбек 1 салым, Абылайхан Нышанбеков 1 салым салды.
Бұған дейін ІV Дүниежүзі Көшпенділер ойындарында еліміз екі күміске қол жеткізген болатын. Оның біреуін дәстүрлі садақ атудан иеленсек, екіншісін жамбы атудан еншілеген едік. Сондай-ақ, Қазақ күресіне әлемнің 20-ға жуық елінен 60-тан астам балуан белдесіп, айтулы бәсекеде 19 бұрымдымыз бақ сынады.