Өңірлер

Ауруханада жатқан павлодарлық алаяққа алданып, 3 млн теңгесінен айырылды

Sputnik
АСТАНА, 2 қазан – Sputnik. Павлодар қаласының тұрғыны интернеттегі жарнамаға сеніп, қыруар қаржысынан айырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
58 жастағы ер адам ауруханада емделіп жатқанда интернеттен бір жарнаманы көріп қалған. Сайтта жылдам ақшалай табыс табуға уәде етілген. Ол көп ойланбай, сілтеме арқылы өтіп, өтініш қалдырады. Ал біршама уақыттан кейін "Станислав" деген біреу қоңырау шалып, жарнаманың мән-жайын түсіндірген. Ақшалай табыс табуға болатынына әбден сендірген. Бірақ алдымен несиеге ақша алу керек деген. Павлодарлық оған да сенген.
Ер адам басында өз шотынан 54 000 теңге аударып береді. Содан кейін банктердің бірінің мобильді қосымшасында 3 миллион теңге несие рәсімдеп, Станислав айтқан банк картасына аударады. Алайда ешқандай табыс таппайды. Алаяқтардың қармағына түскенін сол кезде бір-ақ білген.
Қазір Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Полиция осы қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтауға кірісті.
"Мұндай көзге тартымды көрінетін ұсыныстарға сенбеңіздер. Жеке мәліметтеріңізді, банк карталарының нөмірлерін, пинкодтарды, құпия сөздерді ешкімге жарияламаңыздар. Есіңізде болсын, оңай олжа болмайды", - деп ескертті тәртіп сақшылары.