Қоғам

Премьер-министр үйді жалға алу шартын цифрлық форматта рәсімдеуді тапсырды

Sputnik
АСТАНА, 1 қазан – Sputnik. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов типтік жалға алу шартына цифрлық түрде қол қоюға жағдай жасауды тапсырды.
Бүгін үкіметте көші-қон мәселелеріне арналған кеңесте мигранттар мәселесі талқыланды. Тұрғын үйді жалға алу мәселесі де қозғалды. Осы орайда премьер-министр үйді жалға алу кезінде азаматтардың құқықтарын түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін ерекше атап өтті.
"Бұл мигранттардың ағынына ғана қатысты емес, жалпы азаматтарымыз өз құқықтарын білуі керек. Egov немесе көп қолданылатын қосымшалар арқылы тараптардың құқықтары мен міндеттерін көрсететін типтік жалға алу шартына цифрлық түрде қол қоюға болатындай етіп жасау қажет. Бұл екі жақтың да құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді", — деді Смайылов.
Айта кетері, 21 қыркүйекте көрші елде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін Қазақстанға ресейліктер көптеп келе бастады. Біреулер транзитпен басқа елге ұшып кетсе, енді біреулер қалуға шешім қабылдаған.
Содан шекаралас аймақтарда ғана емес, Астана мен Алматы қалаларында жалдамалы баспананың бағасы күрт көтеріліп кетті. Желіде үйді жалға беретіндерге қатысты шағымдар көбейді. Олар пәтер бағасын көтеріп, төлей алмаған қазақстандықтардан үйді босатуды талап еткен.