Елорда тынысы

Астанада терроризмге қарсы оқу-жаттығу өтеді

Sputnik
АСТАНА, 1 қазан – Sputnik. Осы сенбі, бірінші қазан күні Астанада терроризмге қарсы оқу-жаттығулар өтеді.
Терроризммен күрес жөніндегі қалалық жедел штабтың ақпаратынша, айналма жолда қозғалыс шектеледі.
"1 қазан күні сағат 10.00-ден бастап 12.00-ге дейін терроризмге қарсы астаналық жедел штаб оқу орталығының аумағында (АН64 айналма жолы, көлік базарының ар жағы) құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, "Вираж-2022" антитеррорлық оқу-жаттығу өткізуді жоспарлап отыр", - делінген хабарламада.
Оқу-жаттығудың мақсаты – терроризмге қарсы күш-құралдардың дайындығын тексеру және төтенше жағдай кезінде бірлескен тактикалық іс-қимыл барысында тиісті күштердің өзара әрекет ету тиімділігін арттыру. Оқу-жаттығу әртүрлі күрделі элементтен тұрады, қарулы қақтығысқа барынша жақындатылған.
Штабтағылар АН64 айналма жолында әскери техника жүретіндіктен, көлік қозғалысы шектелетінін ескертті.
"Осыған байланысты азаматтардан оқу-жаттығу шараларына түсіністікпен қарап, сақтық шараларын сақтауын, мемлекеттік орган қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауын және тек қана ресми ақпарат көзіне сеніп, халық арасында жалған хабар таратпауын сұраймыз", - деді жедел штаб.