Жаңа жұмыс жайлы келісуге асыққан жігіт өзгенің көлігін мініп кетті

Sputnik
АСТАНА, 1 қазан – Sputnik. Ақмола облысының тұрғынын жұмыс беруші елордаға әңгімелесуге шақырған. Ол үлгермейтінін біліп, аулада тұрған көлікке мініп кеткен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Полицияға Есіл қаласының 41 жастағы тұрғыны шағымданды. Ол Атбасар қаласындағы құрылыс учаскесінде жүргенде ВАЗ-21703 көлігін біреу ұрлап кеткенін айтқан. Таңертең көлігі орнында болмаған соң, бірден полицияға хабарласқан.
Ұры Астана қаласында жедел іздестіру іс-шаралары кезінде ұсталды. Ол Есіл қаласының 24 жастағы тұрғыны болып шықты. Бұрын сотталған.
Күдікті жұмыс туралы келісуге асығып, бөтен біреудің көлігін мініп кеткенін айтты. Онымен Көкшетау қаласына барған. Бірақ облыс орталығында жанармайы таусылған. Жас жігіт көлікті бір аулада қалдырып, досымен бірге елордаға бара жатқан таксиге мініп кеткен.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 200-бабы 1-бөлігі (Автокөлікті заңсыз иемдену) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл қылмыс үшін 1 000 айлық есептiк көрсеткiшке (318 000 теңгеге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, я болмаса, 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.