АСТАНА, 30 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жұмыс сапары барысында өскелең ұрпақты білімге, ғылымға құштар болуға шақырды, деп хабарлады Ақорда.
"Бір сөзбен айтқанда, еңбекқорлық – қазіргі заманда бізге аса қажет құндылық. Осы қағиданы кеңінен дәріптеуіміз керек. Менің мұны Семей төрінде тұрып айтуымның өзіндік себебі бар. Өйткені, бұл – әрдайым жас ұрпақты жақсылыққа, жаңашылдыққа жетелеген жер", - деді президент.
Тоқаев өзінің бұл үндеуі еліміздегі әрбір жастың жүрегіне жететініне сенім білдірді.
"Шын мәнінде, қазір – білім мен ғылым салтанат құрған заман. Мұны дәлелдеудің еш қажеті жоқ. Әлемдік экономикада жоғары технологиялық өнімдерді жасап шығаратын компаниялар алға шықты. Бұл – ғылым келешектің бет-бейнесін анықтайды деген сөз", - деді ол.
Мемлекет басшысының пікірінше, тың идея мен озық ой кез келген саланы өркендетеді.
"Өскелең ұрпақ білімге, ғылымға құштар болуы керек. Осыны жан-жақты дәріптеуге мемлекет қана емес, бүкіл қоғам және әрбір азамат атсалысуға тиіс. Өркениетті мемлекетті тек білімді азаматтар ғана қалыптастыра алады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жуырда АҚШ-та жұмыс істеп жүрген жастармен кездескенін, олар білім алуға деген ынта-жігері мен еңбекқорлығының арқасында әлемнің әр түкпірінде табысқа жеткенін атап өтті. Ол осындай жастарды үлгі тұтуға шақырды.