АСТАНА, 30 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жұмыс сапары барысында Семейде заманауи жылу электр орталығын салу мәселесін қарастыруды тапсырды, деп хабарлады Ақорда.
Президент Семей қаласының инфрақұрылымы әбден тозғанын, жазда ыстық су болмайтынын, ал қыста үйлер жылынбайтынын атап өтті. Қаладағы жылу электр орталығынан шығатын зиянды қалдықтар ауаны шектен тыс ластап жатыр.
"Бұл мәселелерді түпкілікті шешетін уақыт жетті. Сондықтан үкіметке әкімдікпен бірлесіп, Семейде заманауи жылу электр орталығын салу және инфрақұрылымды жаңарту мәселесін қарастыруды тапсырамын", - деді Тоқаев.
Жоба халықтың тұрмыс сапасына, сондай-ақ өңір экологиясына оң ықпалын тигізеді.
Айта кетері, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Абай облысына барды.