АСТАНА, 30 қыркүйек – Sputnik. Ақтөбе облысына келген жүздеген Ресей азаматын жазғы лагерлерьде ақылы негізде орналастырады. Бұл туралы облысы әкімі Ералы Тоғжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Диапазон порталы.
Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, бір аптаның ішінде Ақтөбе облысына 7 мың ресейлік кірген. Бұдан бөлек, тағы 2 мыңға жуығы кезекте тұр.
"Мен пәтер мәселесін біліп отырмын. Бір тәулігіне ақысы 40-50 мың теңгеге дейін өсіп кетті. Оған араласа алмаймыз, себебі мораторий жарияланған. Бірақ біз қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, ол адамдарға ыңғайлы жағдай жасауымыз керек", - деді Тоғжанов журналистермен болған кездесуде.
Облыс басшысының айтуынша, Ресейден келген бір жарым мың адам ЖСН рәсімдеп алды.
"Демек, олар осында қалуды қалайды. Қалғандары ары қарай кетеміз дейді. Біз қаламыз деген отбасыларды жазғы лагерьлерде орналастыруға шешім қабылдадық. Осылайша, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жалдамалы пәтер бағасын да ұстап тұруға болады. Лагерьлердің басшылығымен сөйлестік, олар келісті. Тәулігіне, шамамен, 10-15 мың теңге болады. Тегін ештеңе жасалмайды", - деп атап көрсетті Тоғжанов.
Осылайша, "Береке", "Шұғыла" мен "Кәмпит" жазғы лагерьлеріне 500—ге жуық ресейлік орналаса алады.