Білім

Президент Абай облысының университеттеріне қосымша 500 грант бөлуді тапсырды

Sputnik
АСТАНА, 30 қыркүйек – Sputnik. Абай облысының жоғары оқу орындарына қосымша 500 грант бөлінеді. Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен барған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорда.
Президент облыста қазіргі заманға қажетті, жоғары деңгейдегі білікті мамандар даярлау үшін нақты шаралар қабылдануы керек екенін атап өтті.
Ол Семейде университеттердің жанынан IT саласы мен тілдерді тереңдетіп оқытатын мектептер ашылуы қажет деп санайды.
"Аймаққа қажетті кадрларды дайындау үшін тиісті стандарт әзірлеген жөн. Жастарымыз сапалы білім алып, туған өлкесін дамытуға үлес қосуға тиіс. Сол себепті, облыстағы жоғары оқу орындарына қосымша 500 грант бөлуді тапсырамын", - деді Тоқаев Абай облысының жұртшылығымен кездесуінде.
Мемлекет басшысы Семейде еліміздегі негізгі медицина университеттерінің бірі орналасқанын еске салды. Қазір президенттің тапсырмасымен білім ордасы жанынан көпбейінді аурухана салу мәселесі қарастырылып жатыр.
Бұдан бөлек онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығы пайдалануға берілді. Балаларды оңалту орталығы салынуда.
"Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында аймақта 65 нысан салынады. Біз ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарымызды оңалту мәселесіне баса мән беруіміз керек", - деді Тоқаев.
Айта кетері, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Абай облысына барды. Бұл оның Абай облысы құрылғалы бері өңірге жасаған алғашқы сапары.