Қоғам

"Бақытты отбасы" бағдарламасына қатыса алмайды: Астанада жалғызбасты аналар шу шығарды

Мемлекеттік бағдарламаның шарты өзгерген. Енді толық емес отбасылар жеңілдетілген ипотека ала алмайды
Sputnik
АСТАНА, 30 қыркүйек – Sputnik. Астанада жалғызбасты аналарды "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша баспана кезегінен алып тастаған. Наразы болған әйелдер шу шығарды, деп хабарлайды 31 арна.
Астанада жиналған бір топ жалғызбасты ананың қалауы ипотекамен баспана алу еді. Енді олардың "Бақытты отбасы" бағдарламасымен үй аламыз деген арманы орындалмай қалайын деп тұр. Өйткені биыл бұл бағдарламаға өзгерістер енгізіліп, жалғызбасты аналар несие алушылардың тізімінен алынып тасталған.
"Бізден ешкім сұраған да жоқ, толық емес отбасын шығарды да тастады. Енді біз еш нәрсеге ілінбейміз. Ешнәрсе ала алмаймыз. Сонда біз қалай үй аламыз? Соны түсінбеймін. Өзіміз қара жұмысшы болсақ. Бізге соны қайтару керек", - дейді ашынған ана Гүлзабира Елмұратова.
Биыл жеңілдетілген шарттармен несие беру үшін республикалық бюджеттен 51 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа Отбасы банкі арқылы бес мыңға жуық жанұяға ипотека беріледі.
Бағдарламаға көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ "I және II топтағы мүгедектер" санаттары бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған қазақстандықтар қатыса алады.
"Бәрінен шаршадық. Бәрінен шаршап тойып отырмыз. Ипотекаға өткізбей отыр. Сен 5 процентпен қатысасың дейді. 2 процентпен өтпеген жалғызбасты ана 5 процентпен қалай үй алады? Бес процентпен ала алмайды", - дейді жалғызбасты ана Сәбира Есімханова.
Бағдарламаға мұндай өзгерісті индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі енгізіпті. Алайда ведомство тарапынан жалғызбасты аналардың неліктен тізімнен алынып тасталғаны туралы мәлімет берілмеді.
Министрлік өкілі басшылық іссапарда жүргенін айтты. Келесі апта арнайы жиын өткізіп, бар мәселе сол жерде түсіндірілмек.
"Біздің басшылық жұмыс іссапарында. Ендігі апта болады. Сол кісі ендігі аптада брифинг өткізеді. Уәкілетті органнан бөлек "Отбасы банктің" өкілдері қатысады. Сол кезде бүкіл сұраққа жауап береміз", - деді Тұрғын үй қатынастар басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалқұл.
Ал, балаларымен пәтер жағалап жүрген аналар талабымыз орындалмаса, көшеге шығамыз деп отыр.