АСТАНА, 30 қыркүйек – Sputnik. Бүгін Астанадағы 2 Алматы аудандық соты балаға қол көтерген тәрбиешіге қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл оқиға жеке меншік балаларды дамыту орталығында болған. Тергеу материалдарына сәйкес, танымдық сабақ кезінде кішкентай қыз тәрбиешіні тыңдамаған. Сол кезде келіншек оны бірнеше рет ұрған. Баланың мойны, кеуде тұсы, сондай-ақ, екі қолы көгеріп кеткен. Сотта тәрбиешінің дәл осы жарақаттарға қатысы дәлелденбеді. Алайда заң бойынша балабақшада жүрген балалар үшін қызметкерлер жауапты.
Осылайша, тәрбиеші өзіне жүктелген міндеттерді орындамады. Соның салдарынан бала белгісіз себептерге байланысты дене жарақаттарын алған. Бұдан бөлек, сот-медициналық сараптама бойынша баланың сол жақ жауырыны мен сол аяғында көгерген жерлер 5-7 тәулік ішінде пайда болған. Ол кезде кішкентай қыз үйде ауырып жатты.
Сот отырысы кезінде прокурор балабақша тәрбиешісін Қылмыстық кодекстің 110-бабы, 2-бөлігі (Адамды қинау, кәмелетке толмаған балаға қатысты әрекет) бойынша 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасын сұрады. Баланың атасы-анасы қолдады. Оған қоса, моральдық өтемақы өндіріп беруді талап етті.
Тәрбиешінің қорғаушысы қылмыстық құқық бұзушылықтың жоқтығын алға тартып, ақтау үкімін сұрады. Тәрбиеші өз кінәсін мойындаған жоқ. Баланы бір рет қана ұрдым деді. Судья қылмыстық істі 110-баптан 140-бапқа (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау) ауыстыруға шешім қабылдады. Ал үкім шығарғанда тәрбиешінің жүкті және асырауында кәмелет жасқа толмағанын баланың бар екенін ескерді.
Сот шешіміне сәйкес, тәрбиеші 30 АЕК (91 890 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Оған қоса, педагогикалық қызметмен айналысуға үш жылға тыйым салынды. Сондай-ақ қыздың ата-анасына 200 мың теңгенің өтемақысын төлеп беруге тиіс. Үкім заңды күшіне енген жоқ.