"Ұлы дала жорығына" қатысушылар Түркістанға жақындады

Sputnik
АСТАНА, 29 қыркүйек – Sputnik. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған "Ұлы дала жорығы" марафон-бәйгесі мәреге жақындап келеді, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
12 күн бұрын бастау алған аламанда шабандоздар 1200 шақырымды жүріп өтеді. Биыл тұңғыш рет өтіп отырған бұл бәйгенің баламасы әлемде жоқ деуге болады. Сайыстың соңғы күнінде 4 команда ғана жарыс жолын жалғастырып, Созақтан Түркістанға жол тартты. Олар – Түркістан, Маңғыстау, Ақтөбе және Жамбыл облыстарының шабандоздары.
"Ұлы дала жорығы" марафон-бәйгесі
Дүбірлі додаға Қазақстан бойынша 19 аймақ сәйгүлік қосқан. 1200 шақырымды әрі бірнеше өңірді қамтитын көшпелі бәйге әлемде жоқ. Бәйгенің жеңімпаздары санаулы сағаттан соң белгілі болады. Жеңімпаздар Түркістан төрінде анықталады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан жұртшылығымен кездесуі кезінде "Ұлы дала жорығы" марафон-бәйге турасында арнайы тоқталды. Президент мәлімдемесі республика көлемінде өтіп жатқан дүбірлі доданың мән-маңызын айшықтай түсті.
"Жақында Астанадан бастау алған "Ұлы дала жорығы" санаулы күннен соң Түркістанда өз мәресіне жетеді. Мұның зор символдық мәні бар. Осы өңірде халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы сақталған. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан – халқымыздың қаймағы бұзылмаған қасиетті мекені", - деді президент.
Айта кетері, марафоншылар мәреге 12 күн ішінде атпен жетуге тиіс. Ұзақ жолға мойымаған шын мықтылар қомақты жүлдемен марапатталады.
Марафон-бәйгеге әр өңірден бір-бір команда қатыса алады. Бес шабандоздан құралған командалардың әрқайсысы өз аймағының намысын қорғайды. Іріктеуден өткен 20 команда 18 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласынан "Ұлы дала жорығына" аттанды.