АСТАНА, 29 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Заңға сәйкес, 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке ретінде белгіленді. 16 желтоқсан тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтеді.
Айта кетері, биыл қазақстандықтар Республика күніне орай қатарынан 3 күн – 23, 24 және 25 қазан демалады. Ал сенбі, 22 қазан жұмыс істейді.
Сонымен қатар осы заңда 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күні мемлекеттік мерекелер қатарынан алынып тасталды. Бұдан былай бұл күн Мемлекеттік рәміздер күні, Алғыс айту күні және қоғамдық маңызы жоғары әлеуеті бар өзге де күндер секілді аталып өтеді. Сәйкесінше, халық 1 желтоқсанда демалмайды.