Өңірлер

"Қазфосфатқа" тиесілі фабриканың төбесі опырылып, бір адам қаза болды

Sputnik
АСТАНА, 29 қыркүйек – Sputnik. Жамбыл облысында "Қазфосфат" ЖШС-ға тиесілі фабрикада төтенше жағдай болды. Салдарынан бір адам көз жұмып, тағы үшеуі зардап шекті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 13 қыркүйекте болған. Сарысу ауданы полиция бөліміне аудандық ауруханадан зардап шеккендер туралы хабар түскен.
Анықталғандай, "Қазфосфат" ЖШС-ға тиесілі Орталық байыту фабрикасының төбесі құлап, ғимарат ішінде жұмыс істеп жүрген үш қызметкер түрлі жарақат алған. Олар бірден ауруханаға жеткізілді.
Төтенше жағдай салдарынан кәсіпорынның 58 жастағы жұмысшысы оқиға орнында көз жұмды.
Бұл дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 156-бабы 3-бөлігі (Еңбекті қорғау ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сондай-ақ еңбек инспекциясы арнайы тексеріс жүргізіп жатыр. Қажетті сот-медициналық және сот-құрылыс сараптамалары белгіленді.