АСТАНА, 29 қыркүйек – Sputnik. Ақтөбе облысының полицейлері 900-ден астам киік мүйізін тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы полиция қызметкерлері Самара – Шымкент тас жолында жедел іс-шаралар өткізу барысында 41 жастағы жүргізушінің басқаруындағы Ваз-2110 көлігін тоқтатты.
Жолаушылар отыратын орынның жанында 61 жастағы ер адам болған. Полицейлер көліктің жүксалғышынан ақбөкен мүйізі бар 7 қорапты тапты. Жолаушы қораптардың өзіне тиесілі екенін және мүйіздерді сатқысы келгенің түсіндірді. Қораптарда 765 дана киік мүйізі болды. Сонымен қатар, ер адамның тұрғылықты жерінен тағы 184 киік мүйізі тәркіленді. Барлығы 949 дана киік мүйізі алынды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.