Өскеменде жоғалған 17 жастағы бала табылды

Жасөспірім Жарма ауданында тұратын әжесіне барып, Өскемен қаласына қайтқан, бірақ үйіне бармаған
Sputnik
АСТАНА, 28 қыркүйек – Sputnik. Өскемен полицейлері жоғалған 17 жастағы бозбаланы тапты, деп хабарлады Polisia.kz.
25 қыркүйек күні кешке "102" жедел арнасына 39 жастағы әйелден қоңырау түскен, ол өзінің 17 жастағы ұлын іздеуге көмек сұрады.
Әйелдің айтуынша, ұлы Жарма ауданының Әуезов кентінде тұратын әжесіне кетіп, 25 қыркүйекте Өскеменге қайтып келген, бірақ үйіне келмеген.
Тәртіп сақшылары таныстары мен куәгерлерден жауап алып, іргелес жатқан аумақтарды: гүлзарларды, саябақтарды, жастар жиналатын орындарды, дәмханаларды, тұрғын үйлердің кіреберістерін мұқият аралап шықты.
"Қабылданған шаралар нәтижесінде кәмелетке толмаған баланы Өскемен қаласы ПБ Ертіс ПБ ювеналды полиция қызметкерлері тапты. Ол үйге оралғысы келмейтінін және серуендеуге барғанын айтты. Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Үйге аман-есен жеткізілді", – деді Өскемен қалалық полиция басқармасының бастығы Андрей Мула.