АСТАНА, 27 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысының жұмыс сапары Шымкент қаласында жалғасты. Жергілікті жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде президент Шымкентті еліміздегі табиғаты да, тұрғындарының ықылас-пейілі де ерекше ыстық жердің бірі ретінде атап өтті.
Президенттің айтуынша, Шымкент республикалық қала мәртебесіне ие болғаннан бері көптеген оң өзгерістер болды. Атап айтқанда, қаланы дамытуға 170 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оған қоса 1,5 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Қала бюджеті 4 есе өсіп, өнеркәсіп өнімі 65 пайызға артқан. Сондай-ақ аумағы 2,5 миллион шаршы метрден асатын тұрғын-үй салынды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент жұртшылығымен кездесуінде сөйлеген сөзінен:
Шымкентті дамытуға 170 миллиард теңге қаржы бөлінді;
1,5 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды;
қала бюджеті 4 есе өсті;
қаладағы өнеркәсіп өнімі 65 пайызға артты;
аумағы 2,5 миллион шаршы метрден асатын тұрғын-үй салынды;
соңғы жылдары шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті, осы салада 180 мыңға жуық адам жұмыс істейді;
соңғы кезде шаһарға іргелес жатқан 41 елді-мекен қосылды;
инженерлік инфрақұрылымның қуатын арттыруға 4 жылда республика бюджетінен 135 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді;
жылдың соңына дейін 15 мың тұрғыны бар Құрсай аумағына ауыз су жеткізіледі;
Шымкентте 5 жылдың ішінде 101 мектеп салу жоспарланған;
қалада соңғы екі жылда 50 жекеменшік мектеп ашылды.