Петропавлда жастарды алдаған алаяқтар сотталды

Sputnik
АСТАНА, 27 қыркүйек – Sputnik. Петропавл қаласында 40-қа жуық адамның мойнына кредит ілген екі алаяқ сотталды.
Тергеу материалдарына сәйкес, екеуі бір схеманы қолданған. Олар қарызды бірден жауып тастаймыз деп алдап, аңқау жастарды кредит алуға көндірген.
"Олар тауар кредитін жоюдың жолын білеміз деген. Ал кредит алып берген жастарға ақшалай сыйақы берген. Кредитке рәсімделген ұялы телефондардың орташа бағасы – 180 мың теңге. Оны бірден көшедегі адамдарға екі есе төмен бағаға сатып отырыпты. Алайда кредитті ешкім жоймаған. Кредит берген ұйымдар біршама уақыттан кейін қарыз алушыларға хабарласыпты", - дейді полицейлер.
Алаяқтың біреуі 19 жаста, ол 23 адамды алдап кеткен. 21 жастағы екінші алаяқ 13 адамның ақшасын үптеген. Екеуі де Петропавл қаласының тұрғыны, полицияға арыз-шағымдар түскен бойда ұсталды.
Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 3-тармағы (алаяқтық) бойынша тергеу шаралары атқарылды. Сот шешімімен біреуі 3,5 жылға, ал екіншісі 3 жылға бас бостандығынан айырылды.