Өңірлер

Петропавлда алғашқы қар түсті

Sputnik
АСТАНА, 27 қыркүйек – Sputnik. Петропавлда алғашқы қар жауды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бір-екі күн бұрын ғана қалада 28-29 градус жылы болып, тұрғындар жеңіл киіммен жүрген. Ал бүгін, 27 қыркүйек таңертең алғашқы қар түсті. Ауа температурасы нөл градусқа дейін төмендеді. Қазір де қар аралас жаңбыр жауып тұр, бірақ қар тез еріп кетіп жатыр. Күндіз қалада үш градус жылы болады деп болжануда.
Алғашқы қар
Тұрғындардың үйлері де суытып кетті, десе де ЖЭО-да болған апатқа қарамастан жылу беру маусымы уақытында басталды. Ең алдымен әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге жылу қосылады.
"Қазіргі таңда станцияда төрт қазан агрегаты жұмыс істеп тұр, таяуда бесіншісі қосылады. Бұл қыркүйекте қажетті температура режимін қамтамасыз ету үшін әбден жеткілікті. Қазан айында жабдықты жөндеуден кезең-кезеңмен шығару және газ арналарын қосу кестесін ескерсек, станцияда тоғыз қазандық жұмыс істейді. Отын қоры да нормативтік көлемде – 119 мың тонна", - деді "Севказэнерго" АҚ баспасөз қызметі.
Алғашқы қар
Жылу бірінші балабақшаларға, мектептер мен ауруханаларға беріледі. Содан кейін көпқабатты үйлер қосылады. Ал қалған тұтынушылар үшін орналасқан аумағы мен нысанның жылу маусымына дайындық паспорты рөл ойнайды.
Энергетиктер бүкіл қаланы жылумен 10 қазанға дейін қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.