Министр пәтер бағасы жайлы: жалға беретіндердің өз позициясына байланысты

Sputnik
АСТАНА, 27 қыркүйек – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев үкімет жалға берілетін пәтерлердің бағасын реттей алмайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, пәтер жалдайтындар мен жалға беретіндер заң бойынша келісімшарт бекітпегендіктен, қазақстандықтар үй-күйсіз далада қалып жатыр.
"Үйді ауызша береді, керек кезде, қожайыны келеді де ауызша айтып қуып жібереді. Егер баспананы заңды түрде келісімшартпен рәсімдесе, әлгі адамның пәтерден шықпауға құқығы бар. Өйткені ол бір-екі айға ақшасын төлеп қояды ғой. Сондықтан да бұл жерде заң бұзылып жатса, тиісті органдар қарауы керек", - деді Жамаубаев үкімет кулуарында.
Осы орайда журналистер одан арендалық пәтерлердің бағасы түсе ме деп сұрады.
"Бұл пәтерді жалға беретін адамдардың позициясына байланысты. Реттей алмаймыз, егер құқықбұзушылық фактілері кездессе, салық төлемесе, мемлекеттік кірістер комитеті пәтер иелерін тексере алады. Сол жағынан көмек көрсете аламыз. Сондықтан жалға алатын азаматтар өз құқықтары бұзылмауы үшін міндетті түрде бірнеше айға келісімшартқа отыруы керек. Сол кезде ешкім жайдан жай келіп, бағаны көтере алмайды. Заңға, сотқа жүгінуге болады", - деп түсіндірді министр.
Вице-премьер баспананы жалға беретіндер тапқан табысынан міндетті түрде салық төлеуі керек екенін атап өтті.
"Егер келісімшарт болмаса, мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан тексеріп, анықтау қиын. Жалға беріп отырғандар да Қазақстанның азаматтары ғой. Оларды жайдан жай барып, тексеру жүргізе алмаймыз", - дейді Жамаубаев.
Айта кетері, әлеуметтік желіде қазақстандықтар Ресей азаматтарының елге көптеп келуіне байланысты пәтер бағасы шарықтап кеткеніне шағымданып жатыр. Ірі қалаларда бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны 500 мың теңгеге дейін өскен.