АСТАНА, 26 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі ЛХР, ДХР, Запорожье мен Херсон облыстарындағы референдумдарға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"ЛХР мен ДХР деп өзін-өзі жариялаған мемлекеттердің және Запорожье мен Херсон облыстарының әскери әкімшіліктерінің Ресейге қосылу туралы референдумдар өткізуіне келетін болсақ, Қазақстан мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, олардың егемендік теңдігі және бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарын негізге алады", - деді ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров.
Ол президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет, оның ішінде БҰҰ мінберінен жақында ғана сөйлеген сөзінде осы дүниежүзілік әмбебап ұйымның жарғысына негізделген халықаралық құқық қағидатын бұлжытпай сақтаудың маңыздылығы туралы мәлімдегенін еске салды.
"Жарғыда БҰҰ-ға мүше елдердің бейбітшілік пен мемлекеттердің аумақтық тұтастығын сақтау жауапкершілігі туралы айтылады. Біз саяси диалог орнату үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенімізді тағы да растаймыз", - деп атап өтті Смадияров.
Оның айтуынша, бұл ретте Қазақстан тұрақтылықты өңірлік әрі жаһандық деңгейде сақтауды аса маңызды міндет санайды.