АСТАНА, 26 қыркүйек – Sputnik. Оқу-ағарту министрлігі 1450 нөмірі арқылы білім беру мәселелері жөніндегі Бірыңғай байланыс орталығын іске қосты, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Байланыс орталығы жұмыс күндері сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін жұмыс істейді. Демалыс күндері – сенбі және жексенбі.
Өңірлік білім басқармалары Бірыңғай байланыс орталығына екінші желі арқылы қосылған. Жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жататын мәселелер оны шешу үшін бірден білім басқармаларына жіберіледі.
Бүгінгі таңда байланыс орталығына 1 200-ден астам қоңырау түсті. Көбінесе азаматтарды балабақшадан орын алу үшін кезекке қалай тұру керегі қызықтырады. Бұл мәселе бойынша түсіндірме жұмыстарын жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жүргізеді. Сондай-ақ ең өзекті тақырыптар білім туралы құжаттарды қалпына келтіру, мектептегі тамақтандыру мәселесі, балаларды бір мектептен екіншісіне ауыстыруға қатысты.