АСТАНА, 25 қыркүйек – Sputnik. Павлодар облысы Тереңкөл ауданы Байқоныс ауылының тұрғынын іздестіру жұмыстары үш күннен бері жалғасып жатыр, деп хабарлады павлодарлық "Vita" жасағының өкілдері әлеуметтік желідегі парақшасында.
22 қыркүйек күні таңғы сағат 09:00 шамасында Байқоныс ауылының 28 жастағы тұрғыны үйінен белгісіз бағытта шығып кетіп, қайтып оралмаған.
Жоғалған адамның бойы 165-170 сантиметр, шашы қызғылт сары түсті, үстіне қоңыр түсті камуфляж киген, аяғында резеңке тәпішке болған.
"Біздің жігіттер жоғалған адамның туыстарымен бірге жақын маңдағы аумақты аралап, орман алқабы және көл маңындағы аумақты аралап шықты. Олар үш күннен бері ер адамды іздеп жатыр, өкінішке қарай нәтиже жоқ", - деді еріктілер.
Олар Арманның туыстары мен "виталықтар" іздеу жұмыстарына атсалысқысы келетін еріктілерді қуана қарсы алатынын айтты. Іздеу жалғасып жатыр.