АСТАНА, 24 қыркүйек – Sputnik. Енді елдегі 20 мамандандырылған ХҚКО сенбі күндері сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін өтініштерді қабылдайды. Құжаттарды беру сағат 09.00-ден 15.00-ге дейін жүргізіледі, деп хабарлайды мемлекеттік корпорацияның баспасөз қызметі.
Ақтөбе, Атырау, Орал, Ақтау және Қызылордада мамандандырылған кезекші ХҚКО сағат 10.00-ден 14.00-ге дейін келушілерді қабылдап, 16.00-ге дейін құжаттарды береді.
Сондай-ақ, қазақстандықтар "Мобильдік ХҚКО" қосымшасы, eGov mobile, EgovKzBot2.0 Telegram-боты, eGov электронды үкімет порталы және 1414 бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы кезекке алдын ала бронь жасай алады.
Еске салсақ, мемлекеттік қызметтерді eGov порталы, eGov мобильді қосымшалары және екінші деңгейлі банктер арқылы онлайн режимінде алуға болады.