АСТАНА, 24 қыркүйек – Sputnik. Кеше түнде Павлодар облысының тас жолдарында үш сағат ішінде жедел жәрдем көлігі үш рет жол апатына ұшырағандарға көмек көрсетті, деп хабарлады облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметі.
103 желісіне жолдағы алғашқы апат туралы ақпарат кеше сағат 19:33-те түскен. Қоңырау соққан адамдар Аққұла ауданындағы тас жолда көлік пен жылқының соқтығысқанын хабарлады. Алты минуттың ішінде жедел жәрдем оқиға орнына жетті. 17 мен 59 жас аралығындағы зардап шеккен төрт адам орталық аудандық ауруханаға жеткізілді.
Сағат 21:00 шамасында Майқайың және Екібастұз тас жолында тағы да жол апаты болды. Көлік жыраға түсіп кеткен. Соның салдарынан 28 және 29 жастағы екі ер адам мен 22 жастағы екі әйел зардап шекті. Оларды түрлі сынық және дене жарақатымен Майқайың ауылдық учаскелік ауруханасына, ал қыздардың бірі Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді.
Үшінші жол апаты туралы сағат 22:23-те белгілі болды. Анықталғандай, Екібастұздан шыға берісте екі көлік соқтығысқан. Өкінішке орай, зардап шеккендердің бірі - 26 жастағы ер адам алған жарақатынан дәрігерлер келгенше көз жұмды. Екібастұз қалалық ауруханасына 43 және 46 жастағы ер адамдар мен 21 және 34 жастағы әйел адамдар жеткізілді.
Осы оқиғалардың әрқайсысына бірнеше жедел жәрдем бригадасы тартылды. Бірақ, облыстық 103 станциясында атап өткендей, төтенше жағдай жиі болғанына қарамастан, жедел жәрдем қызметі апатқа қатысы жоқ басқа да шақыруларға уақытында қызмет көрсете алды.