АСТАНА, 23 қыркүйек – Sputnik. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек келесі жылдан бастап жоғары білім алуға 2-3 проценттік кредит берілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, биыл грант саны өткен жылмен салыстырғанда 19 процентке өсіп, 88 мыңға жетті. Алайда ақылы түрде оқитын студенттер де аз емес. Олардың саны 60 процентті құрап отыр. Осыған байланысты Тоқаев соңғы жолдауында 2-3 проценттік кредит беру мәселесін қарастыруды тапсырған болатын. Бұл бастаманы іске асыру үшін заңнамаға өзгеріс енгізу керек.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, бұрын ондай механизм болған. Оны қайтадан жандандыру қажет.
"Мен өзім Еуразия ұлттық университетінде кредитпен оқығанмын. Қазақстанда 90-жылдардың соңында сондай бір жақсы модель болған. Артынан тоқтап қалды. Біз оның себебін де білеміз. Енді осы жүйені қайта қарап, жылдық мөлшерлемесі 2-3 процент болатын кредит береміз. Қазір тиісті өзгерістер мен тетіктер әзірленіп жатыр. Келесі жылдан бастап енгізіледі", - деді Нұрбек орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Биыл республика бойынша 177 мыңға жуық бала студент атанды. Бұл көрсеткіш өсе береді. Мәселен, осы жылы 400 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барды. Ал 170 мың оқушы мектеп бітірді. Бұл дегеніміз, 10 жылдан кейін мектеп бітірушілер саны екі жарым есе артады. Жоғары оқу орындарына келетін жастар да көбейеді.