Саясат Нұрбек ҰБТ-ға өзгеріс енгізілетінін айтты

Sputnik
АСТАНА, 23 қыркүйек – Sputnik. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ұлттық бірыңғай тестілеуге енгізілетін өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Біріншіден, тестердің мазмұны қайта қаралады. Соның арқасында оқушының ҰБТ-ға қаншалықты дайындалғаны, сондай-ақ білім сапасы анықталады.
"Бұл жұмыс аяқталуға жақын. Келесі жылы бітіреміз. Толығымен жаңа әдістемелік сұрақтардың жиынтығы әзірленді. Талапкер заңсыз жолмен оны тапсыра алмайды. Бақылау шараларын шексіз күшейте беруге болатын еді. Әрбір адамның жанына бақылаушы қойып дегендей, бірақ онымен мәселе шешілмейді. ҰБТ-ны, камераны алдауға тиімсіз болатындай жасауымыз қажет", - деді Нұрбек орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Екіншіден, ұлттық бірыңғай тестілеуді IELTS немесе TOEFL сияқты біліктілік деңгейін растайтын куәлік деңгейіне дейін көтеру жоспарланып отыр.
"Болашақта сондай форматқа келеміз. ҰБТ куәлігі IELTS және TOEFL сияқты болады. Өзіңізге ыңғайлы уақытта, ыңғайлы жерге барып дайындаласыз да, тест тапсырасыз. Сөйтіп, құжат тапсыруға барасыз", – деп атап өтті министр.
Бұдан бөлек, ҰБТ нәтижесін жою жүйесі қайта қаралады. Бүгінде бейнежазбаларды қарау жұмысына бірнеше ай қажет. Ол уақыттың ішінде талапкер грантын алып, университетке түсіп кетеді. Артынан заңсыз жолмен тест тапсырғаны анықталғаннан кейін грантынан айырылып жатады. Енді барлық бейнежазба қысқа уақыттың ішінде тексеріледі.
Айта кетері, биыл бейнежазбаларды қайта тексерудің нәтижесінде 137 түлек грантынан айырылды.