Көші-қон қызметі елдегі Ресей азаматтарына қатысты мәлімдеме жасады

Sputnik
АСТАНА, 23 қыркүйек – Sputnik. Ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметі Қазақстан Республикасына келіп жатқан Ресей азаматтарының артуына байланысты ресми мәлімдеме жасады.
Комитет төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықовтың айтуынша, Қазақстанда мигранттардың болу тәртібі заңмен реттеледі.
"Бірде-бір шетел азаматы көші-қон заңнамасының талаптарын орындамай, мемлекетіміздің аумағында болуға құқығы жоқ. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары үшін Қазақстан Республикасында болудың рұқсат етілген мерзімі мемлекеттік шекарадан өткен күннен бастап, ортақ ереже бойынша 90 күннен кейін аяқталады", - дейді Аталықов.
Мигранттардың кіруі шекарадан бастап тіркеледі. Барлық мәлімет бірыңғай деректер базасына автоматты түрде түседі. Статистикаға сәйкес, биыл Қазақстанға 4,3 млн-ға жуық шетелдік келген. Олардың 4,1 млн-ы қайтадан кетіп қалды. Соның ішінде Ресей Федерациясының азаматтары да бар. Осы елден 1 660 000 адам келсе, 1 640 000 азамат кеткен. Уақытша қалғандардың бәрі есепке алынды.
"Әрқайсысының төлқұжат деректері мен кіру күндері, олар туралы толық ақпарат бар. Көші-қон процестеріне мониторинг жүргізілуде. Ішкі істер органдары келушілердің белгіленген болу ережелерінің сақталуын бақылауда. Шетелдiктiң елде болу мерзiмi аяқталса, оған қатысты заңда көзделген шаралар қолданылады", - деп атап көрсетті Аталықов.
Осы уақытқа дейін көші-қон заңнамасын бұзған 45 700 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде 3200 ресейлік те бар. 4200 шетелдік мәжбүрлі түрде Қазақстаннан шығарылды. Ондай адамдар 5 жыл бойы Қазақстанда қайта кіре алмайды.
"Сол сияқты ішкі істер органдары шетелдіктердің Қазақстанда болу тәртібінің сақталуын уақытша тұруға берілген рұқсат негізінде бақылайды. Уақытша тұруға рұқсат шетелдiкке Қазақстан Республикасында заңда көзделген еңбек шарты, оқу, емделу және басқа да жан-жақты негiздерде болу құқығы беріледі. Көшi-қон қызметi олардың тұрғылықты мекенжайы, тұрғын үйдің иесі және онда тұратын шетелдіктер туралы толық ақпарат бойынша иммиграциялық бақылауды қамтамасыз етеді", - деді Аталықов.