АСТАНА, 23 қыркүйек – Sputnik. Павлодар облысының Ленин ауылындағы мектепте бұрышты баллонды қолдану салдарынан 15 бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
23 қыркүйек күні сағат 11:00 шамасында Ленин ауылындағы нөмірі 33-ші орта мектепте белгісіз біреу екінші қабаттың дәлізіне бұрышты баллон газын шашқан. Мектеп ғимаратынан 672 оқушы эвакуацияланды. 15 бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Екі жедел жәрдем көлігі, алты полицей мен Павлодар қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкері оқиға орнына аттанды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі бұл ақпаратты растады.
"Ленин ауылындағы мектепте бұрышты баллонды қолдану салдарынан зардап шеккен 15 бала жедел жәрдем көлігімен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Олардың барлығы 4 "а" және 4 "б" сыныбының оқушылары. Ауыр жағдайда жеткізілген бала жоқ. Балалардың барлығын педиатр тексерді", - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Екі оқушыға "орташа дәрежедегі улану" диагнозы қойылды. Оларды ауруханаға жатқызу ұсынылды. Бірақ қажетті ем алғаннан кейін балалардың жағдайы жақсарып, ата-аналары үйіне алып кетті. Қалған балаларда уланудың жеңіл белгілері ғана болған немесе улану белгілері мүлдем болмаған. Олардың ешқайсысы емдеуді қажет етпеді. Басқарманың хабарлауынша, қазір ауруханаға жеткізілген балалардың барлығы өз үйінде.