АСТАНА, 23 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда 1,7 миллион адам 2021 жылға мүлік салығын әлі төлемеген, деп хабарлады қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті.
"2022 жылдың 1 қазанында жылжымайтын мүлік және жер учаскелерінің меншік иелерінің 2021 жылға есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады. Салық төлеу мерзімінің аяқталуына небәрі ,1 апта қалса да, 1,7 миллион меншік иесі салық міндеттемесін әлі орындамаған", - делінген хабарламада.
Комитеттің мәліметінше, жылжымайтын мүлікке қатысты 5,7 миллиард теңгенің салығы төленбеген.
Салық заңнамасына сәйкес алдағы салық сомасы бойынша хабарламалар осы жылдың шілде айында меншік иелеріне жіберілген. Бұдан басқа, "Каспий банк" АҚ мобильді қосымшасын пайдаланушыларына PUSH-хабарламалар түрінде жіберілді.
2021 жыл үшін мүлік салығы 3,8 миллион салық төлеуші бойынша жалпы сомасы 14,3 миллиард теңгеге есептелген.
Төленбеген салық сомалары бойынша Алматы қаласының тұрғындары көш бастап тұр (1 миллиард 379 миллион теңге), екінші орында – Шымкент қаласы (1 миллиард 194
Миллион теңге), антирейтингтің үштігінде – Астана қаласы (1 миллиард 094 миллион теңге).
Осыған байланысты мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жылдың 2 қазанынан бастап жеке тұлғалардың салық берешегі туралы хабарламаларды борышкерлерге жіберетінін еске салды.
"1 айлық есептік көрсеткіштен астам берешек сомасы бойынша хабарлама табыс етілген соң отыз жұмыс күнінен кейін берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу туралы салық бұйрығы жіберіледі. Бұл салық бұйрығы 5 жұмыс күні өткеннен кейін жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алу үшін беріледі", - деп түсіндірді мемлекеттік кірістер комитеті.
Бұл ретте, жеке сот орындаушылары берешек сомасынан басқа шоттарға тыйым салу және шығуға шектеу қоюдан туындаған қолайсыздықтар туралы айтпағанда, салық берешегі сомасының 25%-на дейінгі мөлшерде қосымша төлемді өндіріп алады.
Салықты "e-Salyq Azamat" және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары, "Электронды үкімет" порталы арқылы, екінші деңгейдегі банктердің бөлімшеріндегі немесе төлем терминалдарындағы қолма-қол ақша қаражатымен, сондай-ақ банкоматтар мен төлем терминалдарындағы банк карталары арқылы төлеуге болады.