Зеленскийдің БҰҰ-дағы онлайн баяндамасы: Қазақстан өз дауысын кері қайтарып алды

Қазақстан Зеленскийдің Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында онлайн баяндама жасауына қатысты берген дауысын қайтарып алды
Sputnik
АСТАНА, 21 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Украина президенті Владимир Зеленскийдің онлайн-дебатта сөз сөйлеуіне қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымында дауыс беру бойынша ұстанымын түсіндірді.
Украина президентіне осындай мүмкіндік жасауды қолдап бұған дейін берілген дауыс қазір кері қайтарылды.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі БҰҰ Бас ассамблеясында Украина президенті Владимир Зеленскийге сөз сөйлеу құқығын беру үшін біраз бұрын берілген дауыс қайтарып алынғанын мәлімдеп, мұндай шешімнің себебін түсіндірді.
"Украина БҰҰ-дағы пікірсайыстарда өз өкіліне онлайн сөз сөйлеу құқығын беру үшін ұсыныс жасады. Бұған параллель Беларусь делегациясы Украина президенті ғана емес, басқа мемлекет басшылары да осындай мүмкіндікке ие болу қажет деген жоғарыдағы ұсынысқа түзету енгізіп отыр. Біз осы түзетуді қолдап дауыс береміз", - деп жазылған Sputnik Қазақстан агенттігі жолдаған сауалға Қазақстан СІМ ұсынған жауапта.
Алайда Беларусьтің түзетуден бас тартқанын ескере отырып, Қазақстан өз ұстанымын өзгертіп, бұл туралы әлем қауымдастығын хабардар етті.
"Сондықтан біздің дауысымыз автоматты түрде Украинаны қолдауға беріледі. Қазір біз БҰҰ хатшылығына нота жолдадық және дауысымызды "қолдау" дегеннен "қалыс қалу" дегенге ауыстырдық. Өйткені Қазақстан теңдікті қолдайды. Біз барлық мемлекет басшылары, БҰҰ пікірсайысының кез келген қатысушысы онлайн режимде сөз сөйлей алуын қолдаймыз. Бұл мүмкіндік тек бір елде ғана емес, барлығында болуы керек", - деп түсіндірді ведомстводағылар.