АСТАНА, 21 қыркүйек – Sputnik. Талғар су құбырында апат болды. "Алматы су" кәсіпорнының хабарлауынша, судың тасып жатқаны туралы ақпарат диспетчерлік пунктіге таңғы сағат 5:20-да түскен, апатты жою бригадалары оқиға орнына сағат 6:00-де жеткен.
Оқиға салдарынан жеке тұрғын үйдің ауласын су басты, су апатты аумақтан өзенге ағызылып жатыр.
"21 қыркүйекте Атырау ықшамауданындағы Талғар су құбырының бірінші желісінде су тасыды. 1 400 мм жер астындағы құбыр зақымданған. Қазір құбыр су құбырынан ажыратылды", - деді компания өкілдері.
"Алматы су" мекемесіндегілер атап өткендей, апатты жою қызметі абоненттерді апат болған құбырдан басқа су құбырларына ауыстыру арқылы су беру желісі өзгертілген. Соның нәтижесінде судан ажыратылған аумақ барынша қысқарды. Апатты жою үшін сағат 8:45-тен бастап мына мекенжайлардағы ғимараттар мен тұрғын үйлерге су беру тоқтатылды:
Медеу ауданы, Атырау шағын ауданы – 9 екі қабатты тұрғын үй, 20 жеке тұрғын үй құрылысы, Атырау қазандығы;
Түрксіб ауданы, Айша-Бибі шағын ауданы, Волочаевская көшесі, 200 жеке тұрғын үй құрылысы, 5 үш қабатты үй, қазандық және 5 әкімшілік ғимарат.
ЖЭО және басқа да абоненттерге су беру қалыпты режимде жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды сағат 15:00-ге қарай аяқтау көзделіп отыр.
Апатты жағдайды жоюға 4 апатты бригада, 1 экскаватор, 2 самосвал, 4 апаттық автокөлік жұмылдырылған. Талғар су тарату құбырлары – 1960 жылдары пайдалануға берілген және Талғар су тоғанындағы ұңғымалардан алынған суды тасымалдауға арналған диаметрі 1200-1400 мм төрт желі.
1-ші желі 1967 жылы пайдалануға берілді. Бұл су тарату құбырлары арқылы Алатау, Жетісу және Түрксіб аудандарының тұрғын үйлері мен әкімшілік ғимараттарын сумен қамту, сондай-ақ ЖЭО-1 және ЖЭО-2 нысандарына су беру жүзеге асырылады. Талғар су тарату құбырлары арқылы берілетін судың жылдық көлемі Алматы қаласы бойынша жалпы судың 25-27%-ін құрайды.