Қоғам

Қазақстандықтар төрт күндік жұмыс аптасына дайын ба – сарапшылар пікірі

Sputnik
АСТАНА, 21 қыркүйек – Sputnik. Әлемдік практика Қазақстанға да жетті. Келесі жылдан бастап жұмыс берушіге төрт күндік жұмыс аптасына көшуге рұқсат берілмек. Осылайша қазақстандықтар аптасына төрт күн істеп, үш демалады. Жалпы жұмыс күндерінің қысқаруы еңбек өнімділігі мен жалақыға қалай әсер етеді? Sputnik Қазақстан тілшісі сарапшылардың пікірін білді.

Жұмыс беруші қызметкерлерінің көбірек жұмыс істегенін қалайды

Белгілі экономист Мақсат Халықтың айтуынша, төрт күндік жұмыс аптасы барлық салаға бірдей келе бермейді. Мәселен, кейбір салада мұндай режим еңбек өнімділігін арттырса, енді бірінде керісінше, төмендетіп жіберуі мүмкін.
"Мысалы, жұмысшыларға "төрт күндікке көшеміз, айлық сақталады, бірақ жұмыс көлемі орындалуы керек" десе, олар қуана-қуана ауысады. Адамдардың ынтасы оянып, тіпті бес күндік жұмысты төрт күн ішінде аяқтап тастайды. Алайда бұл бүкіл салаға қатысты емес. Жұмыс берушінің өзі дайын болмауы мүмкін. Өйткені жұмыс берушіге қол астындағы қызметкерлерінің неғұрлым көп жұмыс істегені маңыздырақ. Осы жағынан келгенде, ол әрі-беріден соң төрт күнге келісім бермеуі мүмкін", - деді сарапшы Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Төрт күндік режимнен ай сайынғы табысы азайса, жұмысшылардың өздері бұдан бас тартады. Себебі біраз жерде қазір KPI жүйесі енгізілген. Атқарған жұмысына қарай бонус, сыйақы төленеді. Ал қосымша пайдадан ешкім құр қалғысы келмейді, деп жалғастырды сөзін Мақсат Халық.
"Жаңашылдықты дәл қазіргі жағдайда жүзеге асырсақ, бұл қазақстандықтардың жалақысының қысқарып қалуына әсерін тигізуі мүмкін", - дейді ол.
Ал экономист Айдар Әлібаев еңбек министрлігінің бұл бастамасын қолдамайды. Айтуынша, бұл мәселені әртүрлі топтың еңбек өнімділігі, жұмыс тиімділігі тұрғысынан қарастыру керек.
"Мысалы, мемлекеттік қызметті алайық. Қазақстанда мемлекеттік қызмет көптігімен және тиімсіздігімен ерекшеленеді. Мемлекеттік қызметкерлер кешкі сегіз-тоғызға дейін жұмыста отырады. Тонна-тонна қағаз жазады, сағаттап жиналыста отырады. Бірақ тиімділігі төмен. Неге менің көңілім толмайды? Біздің елдің даму деңгейіне, заңдарға қараңыз, мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс нәтижесіне көз жүгіртіңіз. Жазылған бағдарлама көп, бірақ бірде біреуі соңына дейін жүзеге аспады. Сол себепті жұмыста өткізген уақыт нәтижемен мүлде байланысты емес", - деп санайды сарапшы.
Ал жекеменшік кәсіпорындар, айтуынша, жұмыс күндерін емес, жалақыны қысқартуға дайын. Демалыс күндерін көбейтуге мүдделі емес.
"Бізде көбі, әсіресе шенеуніктер Қазақстанды Франция, Америка, Жапония сияқты шет елдермен салыстырғанды жақсы көреді. Олармен емес, бізбен деңгейлес елдермен салыстырайықшы. Біздің елде еңбек өнімділігі Батыспен салыстырғанда бірнеше есе төмен. Сапа жағы да ақсаңдап тұр. Сондықтан дәл осындай жағдайда жұмыс күндерін қысқарту жайлы сөз қозғау ертерек сияқты", - дейді Әлібаев.

Экономикаға да пайдасы бар

Мақсат Халықтың айтуынша, төрт күндік жұмыс аптасына көшудің ел экономикасына да пайдасы жоқ емес.
"Азаматтар неғұрлым көбірек демалса, соғұрлым экономикаға үлесі бар. Өйткені демалыста адамдар үйде жатқаннан гөрі, қыдырып, ақша жұмсауды жөн санайды. Көбірек ойын-сауық орындарына барады, дүкен аралайды, қалағанын сатып алады. Сонда жанама түрде ойын-сауық орталықтарының саудасы артады. Туристік орындарға ақша құйылады. Осындай оң тұстары бар", - деді экономист.
Сарапшы төрт күндік жұмыс аптасын заңмен міндеттеудің қажеті жоқ деп есептейді. Егер міндеттесе, жұмыс берушілердің көбі қарсылық білдіреді. Себебі кәсібіне кері әсері тиюі мүмкін.
Сонымен қатар, оның пікірінше, төрт күндік режим жұмыс берушілерге де тиімді болуы мүмкін. Мысалы, коммуналдық шығындар азаяды.
Еске салсақ, жуырда еңбек министрлігі Қазақстанда төрт күндік жұмыс аптасы пайда болатынын жариялады. 2023 жылдан бастап жұмыс берушіге бес және алты күндік жұмыс аптасымен қатар төрт күндік жұмыс аптасын белгілеуге мүмкіндік беріледі. Осыған байланысты заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу көзделіп отыр.
Мысалы, азаматтар бір апта бес күн жұмыс істесе, екінші аптада төрт күндік режимге ауысады.

"Аталған практика кеңсе қызметкерлері арасында қолданылып жүр және еңбек саласындағы халықаралық стандарттарға сай келеді", - деп түсіндірді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Бұл ретте ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысының ұзақтығы, еңбек өтілі мен еңбек саласындағы басқа да құқықтар шектелмейді.
4, 5 және 6 күндік жұмыс аптасы кезінде қосымша жұмыстардың жалпы ұзақтығы айына 12, жылына 120 сағаттан аспауға тиіс.
4, 5 және 6 күндік жұмыс аптасында жексенбі жалпы демалыс күні болып есептеледі. Ал бес күндік немесе төрт күндік жұмыс аптасы кезіндегі екінші немесе үшінші демалыс күні ұжымдық шартпен белгіленеді.
Айта кетері, Еңбек кодексіне сәйкес, Қазақстанда жұмыс аптасының қалыпты ұзақтығы 40 сағатты құрайды. Сенбі және жексенбі – демалыс саналады.