АСТАНА, 21 қыркүйек – Sputnik. Астанада үш жас жігіт қаладағы банктердің біріне 7 миллион теңгеге шығын келтірген. Үшеуі де ұсталды, тергеу шаралары басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Сарыарқа аудандық полиция бөліміне арызданған банк өкілі белгісіз біреулердің ақша ұрлағанын жеткізді. Инкосация кезінде 6 990 500 теңгенің жетіспей тұрғаны анықталды. Банктің қауіпсіздік қызметі бейнежазбаларды да ұсынды.
Онда жас жігіттердің ақшаны аударып жатқаны анық көрінеді. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 21-23 жастағы үш жас жігітті ұстады. Күдіктілер жеткізуші болып жұмыс істеген. Ал ақшаны банкомат арқылы компания өкілдеріне келісім бойынша аударып жүрген.
"Олар қолма-қол ақшаны алудың кодын біліп, бірнеше күннің ішінде миллиондап ақша ұрлаған", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Осы қылмыс үшін бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.