Астана әуежайында миллион доллардан астам қаржыны заңсыз шығармақ болған азаматтар ұсталды

Sputnik
АСТАНА, 21 қыркүйек – Sputnik. Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің "Әуежай-Астана" кеден бекетінің қызметкерлері 2022 жылдың басынан бастап қолма-қол ақша қаражатын декларацияламай немесе заңсыз алып кетудің 55 фактісін анықтады.
Декларацияланбаған қолма-қол ақша сомасы 498 454 908 теңгені құрады, атап айтқанда 1 083 599 АҚШ доллары, осы бұзушылықтар бойынша айыппұл сомасы 1 700 000 теңгеден асты.
Мысал келтірсек, 9 қыркүйекте Астана қаласының "Нұрсұлтан Назарбаев" халықаралық әуежайында Дубайға кетіп бара жатқан Қазақстан азаматын тоқтатты.
Ұстау кезінде декларацияланбаған ақша қаражаты анықталды, атап айтқанда 56 750 АҚШ доллары (бұл ҚР Ұлттық Банкінің 09.09.2022 ж.бағамы бойынша 26 911 985 теңгені құрайды). Заң бұзушы ақшаның бір бөлігін аяқ киімінің ұлтарағының астына, ал қалған бөлігін қол жүгіне жасырған.
Тағы бір оқиға 25 тамызда болды. Дубайға бағытталған халықаралық әуерейсімен кетіп бара жатқан Қазақстан азаматынан декларацияланбаған ақша қаражаты анықталды, атап айтқанда 14 100 АҚШ доллары (бұл ҚР Ұлттық Банкінің 25.08.2022 ж.бағамы бойынша 6 513 918 теңгені құрайды).