АСТАНА, 20 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан мен БАӘ арасында бірқатар келісімге қол қойылды.
Әлихан Смайылов БАӘ премьер-министрінің орынбасары шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянмен кездесу өткізді, деп жазады Primeminister.kz.
"Біріккен Араб Әмірліктері – Қазақстанның өңірдегі негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Әмірліктер біздің елмен тауар айналымы бойынша араб елдері арасында көш бастап тұр", - деді премьер-министр.
Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 709 миллион долларға жетті. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 50%-ке жуық артты.
"Бұл – жақсы нәтиже, алайда біз өзара сауда номенклатурасын одан әрі кеңейту бойынша бірлесіп күш-жігер жұмсай аламыз", - деді Смайылов.
Сондай-ақ, үкімет басшысы соңғы жылдары БАӘ-ден Қазақстанға инвестициялардың жүйелі түрде өсіп келе жатқанын атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 43%-ке өсіп, 250 миллион долларға жетті.
"Біз тау-кен металлургия кешені, ауыл шаруашылығы, мұнай химиясы, энергетика, геология сияқты салаларда инвестициялық ынтымақтастықты арттыру және тереңдету үшін айтарлықтай әлеуетті байқап отырмыз. Аталған салалар біздің стратегиялық мақсаттарымызға сай келеді", - деді премьер-министр.
Қазақстан мен БАӘ арасында бірқатар келісімге қол қойылды
© Photo : Пресс-служба правительства РК
Осыған байланысты шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянға жалпы сомасы 6,5 миллиард доллардан асатын перспективалық инвестициялық жобалардың тізімі қарауға берілді. Өнеркәсіп, энергетика, банк секторы және ауыл шаруашылығындағы, оның ішінде бірлескен венчурлік қор құру, қант зауытын салу және кальций қосылған сода өндірісін іске қосу бойынша ең ірі бес жобаға баса назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша экология, сауда, мәдениет және білім беру салаларында бірқатар екіжақты ведомствоаралық құжаттарға қол қойылды. Шейх банк саласы мен ауыл шаруашылығында, оның ішінде қант және сүт өнімдерін өндіру бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екенін білдірді.