АСТАНА, 19 қыркүйек – Sputnik. Қостанай облысында жекеменшік компанияның банкроттық басқарушысы 8 жылға сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу материалдарына сәйкес, ер адам компанияның банкроттық басқарушысы қызметін атқарып жүргенде дебиторлар тізіліміне енгізу үшін осы ұйымның бас директоры мен құрылтайшысынан 100 млн теңге бопсалаған. Ол келісілген соманың жартысын – 50 миллион теңге алып жатқан жерінде ұсталды.
Сот шешіміне сәйкес, басқарушы кінәлі деп танылып, оған 8 жыл 5 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Айта кетері, банкроттық басқарушы компанияны банкроттық шаралар кезінде басқарады. Оның шешімімен жекеменшік фирма дебиторлар тізіліміне енгізіледі және ресми түрде жабылады.