АСТАНА, 19 қыркүйек – Sputnik. Әділет министрі Қанат Мусин қаңтар оқиғасына қатысқан адамдарға бір реттік рақымшылық жариялау тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, парламент алдымен арнайы заң қабылдауы қажет. Соның негізінде рақымшылыққа ілігетін адамдардың тізімі жасалады.
"Әзірше тізім жасайтын заң жоқ. Ал Рақымшылық туралы заңды парламент қабылдайды. Осы заңда рақымшылыққа ілігетін адамдар мен қылмыс түрлері көрсетіледі. Міне, дәл осы заң қабылданғаннан кейін тізім жасалады", - деді Мусин орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Айта кетері, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында қаңтар оқиғасына қатысқандарға бір реттік рақымшылық жариялаған болатын. Бірақ тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысы бар басты фигуранттар, сондай-ақ мемлекетке сатқындық жасады және билікті күшпен басып алуға тырысты деп айыпталып отырғандар рақымшылыққа ілікпейді.