Халық қаласа, Назарбаевтың атын көше мен ғимараттан алып тастай алады – министр

Sputnik
АСТАНА, 19 қыркүйек – Sputnik. Әділет министрі Қанат Мусин Назарбаевтың атын көше мен ғимараттан алып тастау халықтың еркінде екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көшелер мен ғимараттардың атауын ауыстыру туралы сұрады. Министрдің айтуынша, бәрін халықтың өзі шешеді.
"Барлығы қазақстандықтардың өзіне, сол қалада тұратын адамдардың еркіне байланысты. Себебі көшелердің атауына қатысты шешімді жергілікті билік органдары қабылдайды", - деді Мусин.
Қазіргі тәртіпке сәйкес, қаладағы көше немесе ғимарат атауын ауыстыру үшін алдымен қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылады. Сол жерде халықтың пікірі ескеріледі. Одан кейін мәслихат пен ономастикалық комиссияның қарауына шығарылады.
Министр Мусин тұңғыш президенттің атын Әнұран авторлығынан алып тастауға қатысты сұраққа да жауап берді.
"Қазір "Мемлекеттік рәміздер туралы" заңды өзгерту мәселесі қаралып жатқан жоқ. Ал енді тұңғыш президент Әнұран авторларының бірі болса, оны ешкім алып тастай алмайды", - деп түйіндеді Мусин.
Елорда атауының өзгеруі: республикалық маңызы бар жолдардағы белгі ауыстырыла бастады