Елорда тынысы

Елордада бір жыл ішінде SOS түймесіне 11 қоңырау түскен

Sputnik
АСТАНА, 19 қыркүйек – Sputnik. Жыл басынан бері SOS түймесіне қылмыстық фактіге қатысты 11 арыз-шағым түскен, деп хабарлады Астана қаласының полиция департаменті.
Елорданың 13 нүктесінде, негізінен адамдар көп жиналатын орындарда SOS дабыл түймесі орнатылған. Мысалы, ондай құрылғылар Есіл өзенінің жағалауында, базарлар мен сауда үйлеріне жақын маңда, Гете көшесі бойындағы теміржол вокзалы алаңында бар.
Ол қауіп дабылын беруге және кез келген төтенше жағдайда жедел полиция шақыруға арналған. Әсіресе, мұндай құрылғы ұялы телефон болмаған немесе бұзылып қалған жағдайда өте қажет.
Еске салайық, елордада өткен жылы дабыл түймелері орнатылған болатын. Астаналықтар түймені басу арқылы жедел басқару орталығының полиция қызметкерлерімен хабарласа алады.
Арнайы құрылғыдағы видеокамера бейнетүсірілім жасаса, динамиктер полиция қызметкеріне аудиобайланыс орнатуға мүмкіндік береді. Барлық деректі жүйе автоматты түрде жазып алады.