Алматыда синтетикалық есірткі жасырып жүрген 19 жастағы жігіт ұсталды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 17 қыркүйек – Sputnik. Алматы қаласында ұсталған 19 жастағы жігіттен 20 бума психотроптық зат тәркіленді. Ол өз қызметі үшін криптовалютамен ақша алып жүрген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жас жігіт Медеу ауданында ұсталды. Оның шалбарынан скотчқа оралған байлам шықты. Соның ішінде ашық-жасыл түсті ұнтағы бар 20 дана полиэтилен бумасы болды. Күдікті бұның бәрі "жылдамдық" деп аталатын синтетикалық есірткі екенін мойындады. Ал ұялы телефонында нақты мекен-жайлар және суреттер болған. Күдікті соған қарап, есірткіні жасырып жүрген.
Ұсталған жігіт есірткіні тығатын орындардың мекенжайын интернет қосымшасы арқылы алған. Ал өз қызметі үшін ақшалай сыйақыны криптовалютамен алып отырыпты.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 296-бабы 2-бөлігі (Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Осы қылмыс үшін 160 айлық есептiк көрсеткiшке (508 800 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстар, я болмаса, қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазасы қарастырылған.