НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек – Sputnik. Парламент президент өкілеттілігін жеті жылға ұзарту нормасын қабылдады. Енді Ата заңымызға президенттің жеті жылдық мерзімі қайтадан енгізіледі. Бірақ осы жолы бір рет қана сайлануға мүмкіндік бар. Ал, ең бастысы, одан кейінгі басшылар Конституцияның дәл осы нормасын өзгерте алмайды.
Осылайша, биылғы сайлаудан кейін мемлекет басшысы жеті жыл жұмыс істеп, қызметінен кетуге міндетті болады. Sputnik Қазақстан тілшісі "суперпрезиденттік биліктен арылуға нүкте қоятын" нормаға қатысты сарапшылардың пікірін жазып алды. Сондай-ақ, әлемдік тәжірибені және осы жүйенің кемшін тұстарын зерделеп шықты.
7 жылға сайланатын президенттер аз емес
Әлем бойынша президентті жеті жылға сайлайтын мемлекеттер көп емес. Басым бөлігі бес жылға және екінші мерзімге сайлануға мүмкіндік береді. Қазақстанның қазіргі Конституциясында тура сондай норма бекітілген. Ал жеті жылдық өкілеттілік Әзербайжан, Ирландия, Италия, Тәжікстан мен Түрікменстанда бар. Бірақ президентке қайта сайлануға тыйым салынбайды. Израиль мен Арменияда мемлекет басшысын жеті жылға сайлайды. Алайда одан артық отыруға рұқсат жоқ.
Бұдан бөлек, бір реттік мерзім Албания (5 жыл), Мексика (6 жыл), Моңғолия (6 жыл), Оңтүстік Корея (5 жыл) және тағы бірнеше елде бар. Кореяда 80-жылдарға дейін мемлекет басшысын жеті жылға сайлайтын. Бірақ елде демократияландыру басталғаннан кейін өкілеттілігін бес жылға қысқартты. Франция 2002 жылдан бастап президенттің жеті жылдық мерзімінен бас тартты. Көрші Өзбекстан мен Қырғызстан да ел басшысын жеті жылға сайлап көрген.
Франция жеті жылдықтан неге бас тартты
Бүгінде Франция дамыған ядролық әрі ғарыштық держава болып саналады. 1873 жылы осы елдің президентін жеті жылға сайлау нормасы енгізілген болатын. Содан бері екінші рет сайлануға шектеу қойылмаса да, Шарль де Голль, Франсуа Миттеран мен Жак Ширактан басқасының бәрі бір мерзімнен артық отырған жоқ. Миттеран елді 14 жыл бойы басқарды. Сол кезде президент мерзіміне қатысты сын күшейіп кетті. Өйткені парламент пен президенттің өкілеттілік мерзімі екі түрлі, президент жеті жылға сайланса, парламент бес жылда жаңарып тұрды.
Сонда бас кезінде мемлекет басшысының барлық бастамалары еш кедергісіз іске асырылса, бес жылдан кейін сайлаушылардың сенімі төмендеген соң, парламентке президенттің оппоненттері келе бастайды. Ал мемлекет басшысымен келіспейтін адамдар көбейгесін қажетті заңдарды қабылдау қиынға түседі, тоқырау басталады, саяси дағдарыс басталуы әбден мүмкін.
Францияның 22-ші президенті Жак Ширактың тұсында мемлекет басшысының өкілеттілік мерзімін бес жылға дейін қысқарту бойынша референдум ұйымдастырылды. Халық қолдады, бірақ 30 проценті ғана дауыс беруге келді.
2002 жылдан бастап Франция президенті бес жылға сайланады. Одан кейін тағы бір рет өз кандидатурасын ұсына алады. Биыл Эмманюэль Макрон екінші мерзімге сайланды. Ал сайлауалды науқан кезінде қарсыласы Марин Ле Пеннің президент өкілеттілігін қайтадан жеті жылға ұзартуға қатысты ұсынысын қолдады. Бірақ бұрынғы жүйе қайтадан енгізіле ме, жоқ па, ол жағы белгісіз.
Қазақстан да президентті жеті жылға сайлады Қазақстанда президенттің жеті жылдық мерзімі болған. 1998 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мемлекет басшысының өкілеттілік мерзімі жеті жылға ұзартылды.
Бұдан бөлек, бір адамның осы қызметті атқаруына қатысты шектеуді алып тастады. Келесі жылы кезектен тыс президент сайлауы өтіп, Нұрсұлтан Назарбаев тағы жеңіске жетті. 2000 жылы Конституциялық кеңес "Назарбаевтың бірінші президенттік мерзімі басталды" деген шешім шығарды. Өйткен бұған дейінгі сайлаулар ескі Конституциялар бойынша ұйымдастырылып келген. Бес жылдан кейін кезектен тыс президент сайлауы өтті.
Назарбаев 91,15 процент дауыспен төрт бірдей қарсыласын жеңді. Ал 2007 жылы мамыр айында Конституцияға тағы өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес, президенттің өкілеттілігі бес жылға қысқарды. Ал "мемлекет басшысы екі рет қана сайланады" деген норма Қазақстанның тұңғыш президентіне таралмайтын болды.
Осы жолғы өзгерістің артықшылығы неде
Саясаттанушы Қазбек Майгелдиновтың айтуынша, президенттің осы жолғы бастамасы бұған дейінгі саяси реформалардың жалғасы әрі "суперпрезиденттік биліктен" бас тартудың айқын көрінісі. Себебі жеті жылдан кейін президент болған адам қайтадан сайлауға қатыса алмайды.
"Бір мерзімге жеті жылдық президент өкілеттілігінің енгізілуі суперпрезиденттік билікке қайта оралуға тосқауыл болады, яғни, биліктің узурпациясына жол берілмейді. Қазір қоғамда кейінгі президенттер оны өз ыңғайына өзгертіп алады деген сияқты әңгімелер тарап жатыр. Бірақ Конституцияға тағы бір тармақ енгізіледі. Оған сәйкес, президент өкілеттілігіне қатысты нормалар өзгеріссіз қалатындай кепілдік беріліп отыр. Бұл посткеңестік елдер үшін де жаңа саяси тренд болады. Себебі көрші елдер ондай қадамға бармаған. Қазақстан жаңа саяси модельді құрып отыр"- деді Майгелдиев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Сарапшының айтуынша, бес жылдық мерзім кезінде сайлауды қайта-қайта өткізуге уақыт та, қаржы да көп кетеді. Саяси-экономикалық реформаларды аяғына дейін жеткізу қиын.
"Сондықтан жеті жылға бір реттік өкілеттілік президент болып сайланған адамға қолға алған реформаларын тиянақты және аяғына дейін іске асыруға мүмкіндік береді. Саяси тұрақтылық болады", - деп атап көрсетті Майгелдиев.
Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамед те ескі Қазақстанның "қалдықтарын" жою үшін осы өзгерістерді енгізу керек деп санайды.
"Қазір Тоқаевта осындай мәселелерді жылдам шешуге мүмкіндік бар. Бізде бұрыннан бері келе жатқан бір дәстүр, парламент президенттің сөзін толық қолдай береді. Ал келешекте парламентті күшейтеміз деп жатыр ғой. Жаңа адамдар, жаңа партиялар келсе, парламент мемлекет басшысының барлық бастамасын қолдамауы да мүмкін. Ол кезде президенттің ықпалы қала ма? Конституцияны өзгерту де оңай болмайды", - дейді Бөріхан.
Әділетті сайлаудың нақты қағидаттары бар
Саясаттанушы Дос Көшім "президент мерзіміне қатысты норманы болашақта басқа президенттер өзгерте алмайды" дегенге сенбейді.
"Бізде парламент пен президент өзінің жарлығымен кез келген заңды өзгерте алады. Ол Құран сөзі емес. Мәңгілік Құран, мәңгілік Библия бар шығар. Бірақ мәңгілік заң жоқ", - деді Көшім Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, әлем бойынша президентті жеті жылға сайлау тәжірибесі бар, бірақ өте сирек кездеседі. Одан бұрын әділетті сайлаудың негізгі қағидаттарын сақтау қажет. Соның бірі - сайлауды белгіленген уақытта өткізу. Америкада ұлы дағдарысқа да қарамай, сайлауды уақытында өткізген.
"Мен өзім басқа-басқа, бірақ Тоқаевтан кезектен тыс сайлауды өткізу бастамасын күткен жоқпын. Оны Тоқаевтың өзі емес, биліктегі адамдар жасап отыр деп ойлаймын. Олар екі-үш жыл оны байқап қарады, енді, қандай бағытта екенін біліп, осыған итермелеп отыр", - деп атап көрсетті Көшім.
Ал саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедтің ойынша, суперпрезиденттік жүйеден арылу үшін өкілеттілік мерзімін қысқарту жеткіліксіз.
"Мысалы, президент сенаттың бірнеше депутатын тағайындайды. Сосын бас прокурор, ұлттық банк төрағасы бар. Конституциялық кеңестің мүшелерін де президент тағайындайды. Меніңше, бұның бәрін біртіндеп парламентке беру керек", - дейді Нұрмұхамед.