Чек талап ет: қазақстандықтарға 11,3 млн теңге төленді

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек - Sputnik. Жыл басынан бері бақылау-касса машинасының фискалдық чегін бермеу және банк картасын қабылдаудан бас тарту туралы хабарлаған азаматтарға 11,3 миллион теңге сыйақы төленді.
2020 жылдан бастап қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті "Азаматтық бақылау – чекті талап ет" акциясын өткізеді. Оның аясында азаматтар бақылау-кассалық машинаның фискалдық түбіртегінің берілмеуі немесе банк картасын қабылдаудан бас тартуы туралы хабарлай алады. "Азаматтық бақылау – чекті талап ет" акциясына кез келген адам қатыса алады.
Фискалдық чекті бермеу және банк картасын қабылдаудан бас тарту фактілері туралы App Store немесе Play market-тен Wipon cashback мобильді қосымшасын тегін жүктеп алу арқылы хабарлауға болады. Бұзушылық фактісі расталған жағдайда телефонның теңгеріміне сыйақы жіберіледі.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, биыл акция басталғалы азаматтардың хабарламалары бойынша 11,3 мың заңбұзушылық фактісі расталып, оларға 11,3 миллион теңге көлемінде сыйақы төленген.
Жыл басынан бері 474 кәсіпкер қайтадан жауапкершілікке тартылды. Оларға 14,6 миллион теңге айыппұл салынды.