Болашақта елорда атауын өзгертуге бола ма

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек – Sputnik. Әділет министрі Қанат Мусин болашақта ел астанасының атауын өзгертуге бола ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, Конституцияда өзгертуге болмайтын бірқатар бап бар. Бірақ астана атауына қатысты норма олардың қатарына жатпайды. Яғни болашақта елорда атауын өзгертуге мүмкіндік бар.
"Елорда атауы "өзгермейтін" нормалар қатарына жатпайды. Яғни келешекте қала атауы өзгертілуі мүмкін", - деді Мусин парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап беріп.
Айта кетері, бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституцияға енгізілетін түзетулер қабылданды.
Олардың арасында Нұр-Сұлтан қаласын Астана деп өзгерту туралы норма бар. Депутаттар заңды бірауыздан қабылдап, президентке жіберді.