НҰР-СҰЛТАН, 15 қыркүйек – Sputnik. 2019 жылы елорда атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуге қалалық бюджеттен 30 млн теңге жұмсалған. Бұл туралы қалаға бұрынғы атауын қайтару жөніндегі қоғамдық тыңдау барысында елордалық мәслихаттың хатшысы Ерлан Қаналимов мәлімдеді.
"2019 жылмен салыстырғанда барлық мемлекеттік орган құжат айналымы бойынша 100% цифрлық форматқа ауысты. 2019 жылы әкімдік бойынша жалпы мемлекеттік органдар арасында маңдайшалар, бланкілер мен мөрлерді өзгертуге 30 млн теңге жұмсалған. Биыл цифрлық құжат айналымын ескеріп, шығын әжептәуір аз болады деп ойлаймын. Себебі қазір мемлекеттік органдардың көбісі ресми түрде бланкімен ештеңе жібермейді, ЭЦҚ қолданады", - деді ол.
Қаналимов Астана атауын қайтару үшін ақша қала бюджетінен бөлінетінін атап өтті.
2 қыркүйекте мәжілістегі "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобының мүшелері елордаға Астана атауын қайтару туралы бастама көтерген болатын.
Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың айтуынша, депутаттардың бұл бастамасы туралы президент хабардар. Олардың ұсынысы мемлекет басшысының келісімімен Конституциялық заң жобасына енгізілді.
Бірақ тұңғыш президент атындағы басқа нысандар өз атауын сақтап қалуға тиіс, деп мәлімдеді Желдібай.