Шымкент мектептері 22 миллион теңгеден астам айыппұл төледі

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 14 қыркүйек – Sputnik. Шымкенттегі мектептер санитарлық нормаларды сақтамағаны үшін 22 миллион теңгеден астам айыппұл төледі, деп хабарлайды "Хабар 24".
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары өткен оқу жылында мегаполистегі барлық оқу орынын тексеріп, 91 мектепте заңбұзушылықтарды анықтады.
Білім беру ұйымдарында дезинфекциялық құралдармен ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу сақталмаған, құрал-жабдықтарды таңбалау тәртібі бұзылған, қол жууға арналған шұңғылшалар жарамсыз күйде болған, сондай-ақ, мектеп жиһаздарының бүтіндігіне қатысты сын туындаған.
Мектептерге биылғы оқу жылында жоспарлы тексеріс жүргізілетіні туралы ескерту берілді.
"Мектептерде анықталған заң бұзушылықтар үшін 139 лауазымды тұлғаға айыппұл салынды. Айыппұл сомасы 22 миллион теңгеден асқан. Оның ішінде 85 айыппұл жеке тұлғаларға, 54 айыппұл лауазымды тұлғаларға салынды. Айыппұлдың барлығы дерлік 100% уақытында төленді", - деді Шымкент қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметов.